BANNER

Қарағанды облысының әкімі әйелдер қауымын құттықтады

LIFE09

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймақтағы қыз-келіншектерді қабылдап, мерекелерімен құттықтады. Салтанатты жиынға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының, мемлекеттік қызмет ардагерлері, өнеркәсіп және ауылшаруашылық секторларының өкілдері, қорғаныс күш құрылымдарының қызметкерлері, спортшылар мен кәсіпкерлер шақырылды.

Аймақ басшысы көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік марапатын табыстады.

Мереке

«Бүгін сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын.

Аналардың мерекесі – өмірдегі ең ізгі мерекенің бірі. Себебі, ана – әрбір адам үшін ең аяулы, ең ардақты жан. Дүниеде анадан қымбат, анадан асыл жан жоқ.

Бар жылуын бала тәрбиесіне арнайтын да, отбасылық дәстүрді сақтайтын да аяулы аналарымыз бен асыл әжелеріміз.

Сондықтан Аналар мерекесі – біздің барлығымыз үлкен қуанышпен қарсы алатын жақсы бір мерекеміз. Болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдерге құрмет көрсетеді. Бұл – өмірдің бұлжымас заңы.

Баршаңызды алда келе жатқан Аналар мерекесімен шын жүректен құттықтап, сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбастарыңызға баянды бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін», –  деді Ермағанбет Қабдуллаұлы.

Мереке

Шара барысында Закира Бахтыоразоваға, Ғалия Қашаубаеваға «Алтын алқа» марапаты табысталды. Ал, Светлана Жұмәділова мен Венера Кентаева «Күміс алқа» иегері атанды. Сонымен қатар, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның қоғам қайраткері Нұрсұлу Бөкетоваға Қазақстан Президентінің құттықтау хаты табысталды. 

«Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КЕАҚ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы, әлеуметтану магистрі, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Татьяна Резвушкина Ұлттық комиссияның Алғыс хатымен марапатталды.

Мереке

Жиынға келген барлық нәзік жандыларға алғыс хаттар, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды.