Қазақстанда наурыз айында өтетін ҰБТ басталды, ол 30 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сілтеме жасап.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда 110 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. ҰБТ-ға тіркелу 10 наурызға дейін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.
"Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады. Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды" , - деп атап өтті ведомстводағылар.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгерген жоқ, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.
ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы – 120 сұрақ. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалып отыр.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі.
Министрлік 10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталғанын, оған 134 мыңға жуық адам қатысқанын еске салды. Оның ішінде талапкерлердің 76,4%-ы – қазақ тілінде, 23,5%-ы – орыс тілінде, 83 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Талапкерлердің 77,5%-ға жуығы шекті балл жинаған. Орташа балл 69 балл болды. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинаған.
Еске салсақ, бұған дейін ҰБТ деректерін көшіргендер сотталған болатын.
"Олардың әрбіреуіне 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы белгіленді, сондай-ақ ақпараттық технология және телекоммуникация желілері саласында лауазымды қызметке тұру құқықтарынан 3 жыл мерзімге айырылды", – делінген ҰҚК хабарламасында.