BANNER

Қарағандыда тәртіп сақшылары инсульт алған жүргізушіні құтқарды

Видеодан алынған

8 наурыз күні Қарағанды қалалық Полиция  басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің инспекторлары Ақжаркен Мұқажанмен Берік Кеңесов өздеріне бекітілген аумақта қызмет атқаруда болған. Сағат 15.00 шамасында олар мінген қызметтік көліктің жанына  бір автокөлік тоқтап, жүргізушісі 19 -шы ықшам ауданның қиылысында төтенше жағдай орын алғанын хабарлаған. Полиция жасағы бірден оқиға орынына аттанды.


-Біз сауда үйінің автотұрағы жанынан шыға бергенімізде бізді бір автокөлік тоқтатып, жүргізушісі болған оқиға туралы айтты. Бірден сол жаққа қарай бағыт алдық. Оқиға болған жерге келгенімізде қиылыста жол шетіндегі бордюрға  шығып кеткен көлікті көрдік. Машина от алып тұрды және ол бордюрға шығып кеткендіктен бір дөңгелегі айналып тұрды. Жүргізушісі есінен танып қалған. Көліктің барлық есігі бұғатталып қалған екен. Сондықтан мен көліктің алдыңғы жолаушы отыратын терезесін сындырып ішке кірдім. Әріптесім екеуіміз оны сыртқа шығардық. Жүргізушіні сыртқа алып шыққанымызда оның денесі құрысып, тілін жұтып қоятындай болып жатты. Сондықтан біз оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шамалы демала бастағанда бірден қызметтік көлікке салып ауруханаға жеткіздік,-деді Ақжаркен Мұқажан.


Жүргізушіні ауруханаға жеткізген соң тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қадағалауға аттанды. Белгілі болғандай көлік жүргізуші инсульт алған. Оның өмірі өлім ауызында болған. Алайда, тәртіп сақшыларының дер кезіндегі әрекеті оған жаңа өмір сыйлады. Дәрігерлер қазіргі уақытта азаматтың денсаулығы бір қалыпты екенін айтты.