BANNER

СОҢҒЫ ҚЫПШАҚ

Серік Ақсұңқардың фейсбук парақшасынан

Жүрсін Ерманға

Шымырлаған толқынның бетінде едің,

Шыңылдағаған шың құздың шетінде едің.

Соқталдай боп қалған бұ дүниеде,

Маған сен Соңғы Қыпшақ секілді едің!

Өсек, ғайбат, қаңқудың дабырында,

Сарқылды ғой, таусылды сабырың да?

Не боп жатыр, құдай-ау, кім біледі,

Сенің алпыс екі бұл тамырыңда?

Қайдағы мен жайдағы үйіршектеп,

Көңіліңнің сол ылғи күйін шектеп,--

Заманыңның зіл батпан тастай шері,

Соған барып түсті ме түйіршек боп?

Құлағыңда Қорқыттың сарыны бар,

Біз түгілі, содан да ары бұлар!

Ішкен мас та, жеген—тоқ дүниеде,

Заманыңның қай пенде зарын ұғар?

Батыраштың көздері—Құлагерде.

Көтер басты!

Ішіңнен тына берме?

Тамырыңның лүпілін түсінетін,

Тамыршы да қалған жоқ мынау елде?

 

Серік Ақсұңқар