BANNER

Қарағандылық шахматшы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері атанды

Қарағанды облысының әкімдігі сайтынан

XX қысқы Сурдлимпиада ойындарында классикалық шахматтан Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.  

Команда құрамында қарағандылық Виктор Максименко өнер көрсетті.

XX қысқы Сурдлимпиада ойындары Түркияның Эрзурум қаласында өтті. Классикалық шахмат турниріне 13 команда қатысты. Алтынды 12 ұпай жинаған хорватиялық спортшылар жеңіп алды. Күміс медаль 11 ұпай жинаған поляк шахматшыларына бұйырды. Көшбасшылар үштігін 10 ұпай жинап, Қазақстан командасы тұйықтады.

Классикалық шахматтан турнир қызу өтті. Қарсыластар жоғары деңгейлі шеберлік көрсетті. Біздің спортшылар Италия, Германия және Сербия командаларын жеңіп, Украина мен Польша өкілдерімен тең ойнады, бірақ Хорватияға есе жіберді. Нәтижесінде жеті турдан кейін он үш команда арасында үшінші орын алды, – деді шахматтан аға жаттықтырушы Елдос Күзербаев.

Ұлттық құраманың құрамына Сұлтан Қожахметов, Самажан Кеттебеков, Максим Рожков, Амангелді Наурызғалиев, Мейірман Пернеев және XIX қысқы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы қарағандылық Виктор Максименко кірді.