Қарағанды облысының спорт мектептері Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған қазақ күнтізбесін насихаттау шараларына атсалысатын болады. Жыл сайын бұл бағытта облыста 40-тан астам спорттық іс-шара өтетін болады. Бұл жұмыстарға өңірдегі 17 спорт мектебі жұмылдырылды.
Мәселен, 7 сәуір – Қазақ спортшылары күні қазақ спортының тарихындағы тұңғыш кәсіби балуан, күрестің бірнеше түрінен Әлем чемпионы Қажымұқан Мұнайтпастың туған күніне орайластырылған. Бұл күні жастарға еліміздің намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүрген спортшылар жайлы айтылып, салауатты өмір салты насихатталатын болады. Жарыстар дзюдо, кикбоксинг, қазақ күресі, еркін және грек-рим күресі, қол күрес, үстел теннисі, шағын футбол, жеңіл атлетика спорт түрлері бойынша өтетін болады. Сондай-ақ танымал спортшылармен кездесу өткізу жоспарланған.
Ал 7 тамыз – Ұлттық ойындар күніне спорт мектептерінің тәрбиеленушілері асық ату, бес асық, теңге алу, тоғызқұмалақ, аударыспақ, арқан тартыс бойынша жарысатын болады.
Жарыстар Қарағанды, Балқаш, Шахтинск, Теміртау қалаларында және Нұра, Ақтоғай, Шет, Осакаровка және т. б. аудандарда тұрақты түрде өтеді.