BANNER

Тоғызқұмалақ төрге оздырды

Е.Төлеген

Наурыз мерекесі қарсаңында тоғызқұмалақтан облыс біріншілігі өтті. Оған аймақтың алты өңірінен 70-ке жуық спортшы қатысты. Байрақты бәсекеге Қарағандыдағы №64 негізі орта мектебінен 12 оқушысы қатысып, төртеуі жүлдеге ие болды.

Ұлттық құндылықтарды, ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында өңірде түрлі жұмыстар жүргізілуде. Сондай шаралардан Қарағандыдағы №64 негізі орта мектебі де қалыс қалмады. Былтырғы оқу жылының басында №64 негізі орта мектебінің директоры Жанар Оспанованың қолдауымен мектепте тоғызқұмалақ үйірмесі ашылған болатын. Тоғызқұмалақ ойыны арқылы мектеп оқушыларына тек ұлттық құндылықтарды дәріптеу ғана емес, оқушылардың ойлау қабілетін де артыруға негізделген. Сол бастама өз жемісін беруде. Мектеп оқушыларын тоғызқұмалақ спортына Ердос Төлеген жаттықтырады. Бүгінде жаттықтырушы 24 оқушыға сабақ береді. Үйірменің ашылғанына көп болмаса да әр оқушысы түрлі байқауларға қатысып, мектеп қоржынына жүлде салып жүр. Осыдан-ақ, бапкердің біліктілігін аңғаруға болады.

– Әр оқушымен жеке дайындық жұмыстарын жүргіземін. Осы уақытқа дейін біршама оқушым түрлі додаға қатысты. Бақтарын сынады. Нәтижесі де жаман емес. Бұл мен үшін үлкен жеңістің баспалдағы. Енді осы оқушыларымды үлкен чемпионаттарға қатыстырып, жүлде алғанын көргім келеді. Үлкен қолдау көрсетіп, сенім артқан мектеп басшылығына алғысым шексіз, – деді жаттықтырушы Ердос Төлеген.

Жарысқа қатысушылар екі санат бойынша бақ сынады. Нәтижесінде, қыздар арасында 11 жас санатында бақ сынаған Айзере Бастен – І орын иеленді. Ал, осы санатта өнер көрсеткен Аяла Амангелді – ІІ орын, Жанель Картаева жүлделі ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар, қыздар арасында 15 жас санатында өнер көрсеткен Алуа Амангелді де ІІІ орын алып, мектеп мерейін өсірді.

– Ойын мен ойлағаннан да қиын болды. Себебі, қарсыластарымның жасы менен үлкен. Соған қарамастан барымды салдым. Мектепте жаттықтырушыммен жеке дайындаламын. Әрі үйге барған соң да жаттығамын. Анам жас кезінде тоғызқұмалақ ойнаған екен. Осы ойын жайлы маған кеңінен түсіндірді. Үйірмеге баруыма себепкер болған да – анам. Өзім математика сабағын сүйіп оқимын. Есеп шығарып, түрлы тапсырмаларды орындаған ұнайды, – деді жарыс жеңімпазы Айзере Бастен.