Ұлыстың ұлы күні қазақ үшін ұлттық мәндегі қастерлі мейрам екенін айтудай-ақ айтып келеміз. Айтылуы керек те! Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр сұхбатында, мінберлерде айшықтауы бекер емес. Президент Наурыз мерекесі ұлттық жадымызды, болмысымызды жаңғыртуға сеп болатынын алға тартады. Біздіңше, оң пікір. Өйткені, өзінің өзегінен, күретамырынан ажырап, жаһандануға жұтылып кеткен және енді ғана азуға іліккен ұлттар баршылық. Солардың қатарынан табылмас үшін, іске көшкен абзал. Барымыз бен жоғымызды түгендеп, маңайымызға көз тастап, етек-жеңімізді жинайтын уақыт келді (келгелі қашан). Бүгінде Наурыз мейрамының қадір-қасиетіне жете алып отырмыз ба? Белімізді буып, білегімізді сыбанып алып, бос айқай, бос ұранға, науқаншылдыққа ұрынып кеткен жоқпыз ба? Осы сауалдардың жауабын білу үшін ұлыстың ұлы күні қарсаңында обыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті өңірдің зиялы қауымын жинап, дөңгелек үстел өткізген еді. Наурыз албарында пікірталас жүріп, толғамды ойлар айтылды. Дөңгелек үстелімізге актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков пен қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова және айтыскер ақын, облыстық мәслихаттың депутаты Айтбай Жұмағұлов, облыстық мәслихаттың депутаты, Дүниежүзі «қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш Башай, облыстық әкімдік қызметкері, Қазақ күнтізбесінің авторы» Нұржан Сұршаұлы қатысқан еді. Қатарда газетіміздің бас редакторы Ерсін Мұсабеков те бар. Үстел басында айтылған әңгімені қаз қалпында түсіруге тырыстық. – Төрт құбыласы түгел ұлттық идеологияны қалыптастыруға Наурыз мейрамы ауадай қажет. Бұны кейінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан сұхбатынан аңдағандай болдық. Бір ғана қазақтың емес, тұтас Түркі дүниесінің жаңа жылы Наурызды өз биігіне шығаруымыз тиіс деп жатырмыз. Қалай шығармақ керек?
Ұлыстың ұлы күнін қалай ұлықтап жүрміз?
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ