BANNER

Наурыз 10 күн тойланады

Суреттер: ӨКҚ-нен

Наурыз мерекесінің құрметіне аймақ тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар жоспарланған. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов және облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттар басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов мәлім етті.

– Наурыз мерекесін лайықты мерекелеу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Наурызнаманың» жаңа концепциясы дайындалды. 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды. Амал мерекесін қарағандылықтар ерекше тойлады, – деді Нұрлан Бикенов.

Басқарма басшыларының айтуынша, мереке қарсаңында концерттер, көрмелер, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, театрландырылған қойылымдар және тағы басқада шаралар өтеді.

– 15, 16, 17 наурызда Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында өтетін «Қолөнер – рухани жан серігің» көрме-жәрмеңкесіне 36 шебер қатысады. Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында қазақ ұлттық костюмдер дефилесі, Кеншілер мәдениет сарайында «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» шеберлік сабағы өтеді. NAURYZ – FASHION этно-заманауи киімдер фестивалі және «Ата салтын ардақтайық» тарихи-этнографиялық мереке жоспарланған. Ал, 20 наурыз күгі City Mall сауда үйінде Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптар академиялық оркестрінің «Ұлы күні ұлыстың» мерекелік концерті ұсынылады. Қарағандыдағы Жеңілатлетикалық манежде алты ұлттық спорт түрінен мемлекеттік қызметшілер арасындағы жарыстар ұйымдастырылады. Садақ атудан дәстүрлі жарыстар өтіп,  Үштөбе ауылының жанында көкпардан облыстық турнир өтеді, – деді Еркебұлан Жұмакенов. 22 наурыз күні Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағының жағалауында «Құс қанатындағы Наурыз» мерекелік бағдарламасын тамашалай аласыздар.

Аяулым СОВЕТ