«ҚазАвтоЖол» компаниясы Қарағанды облысындағы су тасқынына қатысты ақпарат таратты, – деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
«25 наурызда сағат 17.50 шамасында күннің тез жылынуы мен қардың еруі салдарынан Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз автожолының 23+800 шақырымында су тасқыны болды (жақын елді мекендер: Көкпекті ауылы, Бұхар Жырау ауданы, Қарағанды облысы). Жол ІІІ санатқа жатады, су тасқынының ұзындығы – 30 метр, биіктігі – 5 см. Аталған учаскеде диаметрі 1 м болатын су өткізгіш құбыр орналасқан», – делінген хабарламада.
«ҚАЖсервис» ЖШС ҚӨФ ДЭУ-46 мамандары уақытша жол белгілері мен сигналдық тіректерді орнату бойынша жұмыстар атқарды. Аталмыш шараға 2 техника мен жеке құрамның 5 адамы жұмылдырылды.
Жолдарды су басу қаупі бар жоғары аумақтарда тәулік бойы бақылау және тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір жолды шайып кету қаупі мен қозғалыс шектеулері жоқ.