Енді біреудің баласын қорқытқандарға, яғни буллинг жасағандарға 37 мың теңге көлемінде (10 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салынады, – деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Ал буллинг, кибербуллинг бір жылда екінші рет қайталанса, онда айыппұл көлемі бірден үш есеге өседі. Демек, сес көрсеткіш 110 мың теңгеден аса айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Мұндай әрекетке 12 мен 16 жастағы жасөспірімдер барса, онда айыппұл баланың ата-анасына салынады. Бұдан бөлек, баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлі түрде шығарып жіберуге болмайды. Бұған да айыппұл қарастырылған.
Президент 15 сәуірде қол қойған Балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне қатысты заң 16 маусымда күшіне енеді. Жаңа талапқа сай енді лагерь, сауықтыру орталықтары сынды мекемелердің барлығы еш ескертусіз тексеріледі. Сондай-ақ, лагерьлер лицензия алуға міндеттеледі.
– Бұған дейін жеке кәсіпкер ешкімге хабарламай-ақ арнайы лицензия алмай-ақ өз бетінше лагерьді ашып, балаларды қабылдай беретін. Енді жеке кәсіпкер бұрынғыдай кез келген орталықта жұмыс істей алмайды. Арнайы талаптар белгіленеді. Сол талаптар сақталып, лицензия алған жағдайда ғана жазғы сауықтыру орталықтары жұмыс жасауға мүмкіндік алады, – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.