BANNER

Бар күзетшісінен зорлық көрген алматылық қыз пікір білдірді

Фото: видео скрин

Алматыда барлардың бірінде күзетшінің қызды зорлауына қатысты істің соты аяқталды. Күдікті сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ жәбірленушіге 6 миллион теңге өтемақы мен сот шығындарын өтеуге міндеттелді,-деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, тергеу қылмысты мекеменің күзетшісі жасағанын дәлелдей алды. 

"Сот отырысы жабық есік жағдайында өткенін ескертемін. Журналистерге сот үкімі жарияланған кезде ғана онлайн режимде қатысуға рұқсат етілді", – делінген хабарламада.

30 жастағы Ұлжан алты ай бұрын көрген қорлығы туралы айтуды жөн көрді. Алайда әйел бетін көрсетуден бас тартты. Бетперде, көзілдірік және капюшон киген жәбірленуші оны бардың күзетшісі қалай зорлағанын айтып берді.

Әйелдің айтуынша, ол бардан кейін үйіне баруға дайындалып жатқан. Сол кезде күзет қызметкерлері онымен бірге жүруді ұсынған. Сөйтіп оны бардың кіре берісінде зорлаған. Онымен қоймай жасаған ісін ұялы телефонның камерасына түсіріп тұрған.

Жәбірленуші Ұлжанның сөзінше, зорлық көрсеткен ер адам ісін жасаған кезде оны тізерлетіп отырғызған.

"Бір кезде басымды көтердім. Оның мені видеоға түсіріп жатқанын сол кезде байқадым. Мен оған бірден: "Өтінемін, істемеші" деп айттым. Ол мені масқаралап, осының бәрі маған ұнап жатқандай кейіп тануға мәжбүрледі. Арасында жаман сөз айтып, менің ар-ұятымды қаралады. Ол тіпті бір уақытта достарын да шақыратынын айтып, бопсалады", – деді жәберленуші әйел.

Сотталушы туралы мәлімет аз: 24 жаста, Батыс Қазақстан облысының тумасы, барда күзетші болып жұмыс істеген.

Жәбірленушінің айтуынша, күдікті Ұлжанды зорлағаннан кейін үш ай өткен соң ер адамды тонаған. Ол "Зорлау", "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" және "Тонау" баптары бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының төрағасы Ардақ Ешеев сот үкімі шыққанын мәлімдеді.

"Сот үкім шығарды. Дінмұхамед Құдайбергенов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы, 121-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы, 191-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылсын. Ішінара қосу арқылы соңғы жаза сегіз жыл бір айға бас бостандығынан айырылды", – деді судья.

Сот шешімінен кейін жәбірленуші видео үндеу жариялады. Әйел сот үкіміне қанағаттанғанын айтты.

"Үкімге ризамын. Ең бастысы, кінәлі адамға сот үкімі шықты және бұл барлық "еркектерге" әйелдерді ренжітпес бұрын сабақ болады деп сенемін. Мен зорлық-зомбылықтың құрбаны болған немесе куәгері болған кез келген адамды ашық айтуға және өзін қорғауға шақырамын. Қоғам жәбірленушіні емес, зорлаушыны ұятқа қалдыруы маңызды. Барлық зардап шеккен қыздар мен әйелдерге айтқым келеді. Соңына дейін бару керек және әділдікке сену керек", – деді жәбірленуші.