BANNER

Оралда тырысқақ ауруын жұқтырды деген күдікпен екі жолаушы ұшақтан ауруханаға жеткізілді

pixabay.com

"Эйр Астана" рейсінің екі жолаушысы тырысқақ ауруын жұқтырды деген күдікпен Оралдағы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды "Уральская Неделя" порталы.

Ұшақ Оралға Алматыдан 30 сәуірде сағат 22:25-те келген.

Жолаушылардың айтуынша, ұшу кезінде екі жолаушы - ер мен әйел дене қызулары көтеріліп, құсып ауырған.

Ұшақ қонғаннан кейін санитарлық эпидемиологтар бортқа көтеріліп тексерген.

"Бізді ұшақта екі сағат ұстады. Содан кейін барлық жолаушыларды жіберді", - деді жолаушылардың бірі.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы оқиғаны растады.

"Түнде бізге Ресейдің екі азаматы жеткізілді. Анамнез, эпиданамнез, клиникалық тексеруден кейін тырысқақ емес екені анықталды. Екеуінің де жағдайы қанағаттанарлық. Олар тұрғылықты жері Саратов облысына кетті" - деп хабарлады бүгін таңертең облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова.