Қазгидромет синоптиктері 4-6 мамыр аралығына арналған үш күндік ауа райы болжамын жариялады.
Еліміздің солтүстік және батыс аймақтарының тұрғындары көктемгі жылуды сезініп үлгермей жатып қайтадан арктикалық суықпен қауышады.
Мұның себебі — қысым өрістерінің жылдам өзгеруінен.
Солтүстік және оңтүстік циклондардың скандинавиялық антициклонмен алмасуы Қазақстан аумағына жауын-шашын мен салқын ауа райын әкеледі.
Баренц теңізінен ыққан суық ауа массаларының басып кіруі ауа температурасының төмендеуіне әкеліп соғады.
Түнде республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында термометр бағаны минусты көрсетеді.
Жауын-шашын жауып, оның соңы қарға ұласады.
Ал оңтүстік облыстарда күн күркіреп, бұршақ жауып, жаңбыр жауатынына қарамастан көктемгі жылы ауа райы сақталады.