BANNER

Шахтадан шыққан өртті сөндірген кенші «Еңбек Даңқы» орденімен наградталды

ТЖМ

Мемлекет басшысының Жарлығымен жанкешті және жемісті еңбегі үшін «Qarmet» акционерлік қоғамының Костенко атындағы шахтасының жерасты учаскесінің электр слесарі Айбар Бекболатұы Қосанов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен наградталды.

Еске сала кетейік, 2 мамыр күні Қарағандыдағы Костенко шахтасы түтіндеп, 200-ге жуық кенші эвакуацияланған болатын.

Бықсыған отты алғашқы өрт сөндіру құралдарының көмегімен конвейер трассасының электр слесары Айбар Қосанов сөндірді.

Кенші оқиға туралы хабарлап жатқанда шахтаның басқару бөлмесінде түтін сигнализациясы іске қосылған.

Сағат 19:45–те сигнализацияға байланысты түтін сөндірілгеніне қарамастан эвакуация жоспары бойынша шахтадағы 194 кеншіні сыртқа шығару жөнінде шешім қабылданған.

Сағат 21:47–де 187 кенші жер бетіне шығарылды.

Еске салсақ, өткен жылы 28 қазан сағат 2:33–те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болып, 46 кенші қаза тапты. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 205 шахтер шығарылды.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанда 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ, «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

9 желтоқсанда шахтадағы жарылысқа ұласқан өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытынды отырысы өтті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100% анықталып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталды.