Бүгін, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында жазушы, зерттеуші, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Ақселеу Сланұлы Сейдімбекке ескерткіш ашылды.
Ескерткіш аудан орталығында Сәкен Сейфуллин көшелері мен Әлкен Оспанов көшелері қиылысқан тұстағы ашық алаңға орналастырылды.
Шараның мақсаты – Алаштың ардақты перзенті Ақселеу Сейдімбектің бейнесін туған жерінде тұғырға қондыру арқылы оның есімін келер ұрпақ алдында ұлықтау болып табылады.
Ескерткіштің ашылу салтанатына елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер, қоғам қайраткерлері, Ақселеу Сланұлының құрдастары, сыйласқан, көзкөрген тұлғалар, туған-туыстары, жақындары және Ұлытау облысы мен Жаңаарқа ауданының басшылары қатысты.
Мүсіннің авторы елімізге белгілі мүсінші «Decor Group Astana» ЖШС директоры Талапхан Азамат. Мүсін қоладан құйылған, қоңыр түсті. Астындағы тұғыры күртінің бүтіндей қоңыр гранитынан шабылып, жасалған. Ескерткіштің айналасы абаттандырылып, жерге тас төселген.
Іс-шара шеңберінде Ақселеу Сейдімбек ескерткішінің ашылу рәсімі өткізіліп, Ақселеу биігіне барып құран бағышталып, құдайы ас берілді.