Төрт жылдық еңбектің жемісін көру – әрбір түлектің арманы. Бірақ тәжірибесі жоқ, әлі еңбек нарығын көрмеген жас тұлғаларға жұмыс жылдам табыла қоймайтыны анық. Соған байланысты 7 сәуір күні акамедик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде оқуын тәмамдаған түлектер үшін өз мамандығына сай жұмысқа орналастыру мақсатында «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» өтті. Бұл жәрмеңкеге әр бағыт бойынша 40-тан астам жұмыс беруші компания қатысты. Олардың ішінде: құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері, ірі кәсіпорындары, танымал сауда брендтерінің өкілдері бар.
Жәрмеңкенің шымылдығын алғашқылардың бірі болып «Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы – ректоры Н.О. Дулатбеков ашып берді. Ол кісі өз сөзінде:
«Қайырлы күн, құрметті қонақтар, құрметтістуденттер! Сіздерді осы маңызды іс-шарада көргеніме өте қуаныштымын. Бұл іс-шараның басты мақсаты – болашақта студенттеріміздің білікті де, білімді маман болып, қоғамда өз орындарын табуына септігімізді тигізіп, «Жаңа Қазақстан» идеясын табысты жүзеге асыратын парасатты ұрпақ қалыптастыру. Биылғы жылы университетімізді 3600-ден астам түлектер тәмамдайды. Осы тұрғыдан әр студент өзінің болашағын, мамандығын, жұмыс орнын дұрыс таңдағынын қалаймыз. Абай Құнанбаев: «Сен де – бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» - дегендей бүгінгі жастар үшін барлық әлем ашық. Жастарға мүмкіндіктер көп. Сіздер еліміздегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалармен кеңінен танысып, сол жобаларға қатысып, алғашқы еңбек жолына жақсы бастама аласыздар деген сенімдемін!» - деп құттықтау тілегін білдіріп, жастарға сәттілік тіледі. Одан бөлек іс-шарада Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы А. Жүніспекова, Қарағанды облысы бойынша ҚІӘҚ төрайымы И. Жабаева, «Beam Career Management Center» ЖШС директоры Санжар Кенжеханұлы өз білімдерімен бөлісіп, студенттер көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.
www.enbek.kz сайтының мәліметі бойыншақазіргі таңда Қарағанды облысы бойынша 11 830бос жұмыс орынға 5 030 вакансия бөлінсе, Қарағанды қаласы бойынша 2072 бос жұмыс орынға 908 вакансия бөлінген. Соның ішіндежоғары оқу орнын тәмамдаған студенттер үшін 10мамандық саласындағы жұмыстарға айырықша сұраныс жоғары. Атап айтқанда:
1. Білім беру және тәрбиелеу – 748,
2. Қаржы және бухгалтерлік есеп – 135,
3. Медицина және фармацевтика – 107,
4. Өндіріс – 68,
5. Құқықтану – 62,
6. HR және хатшылық – 52,
7. Мәдениет және спорт – 46,
8. IT және телекоммуникациялар – 39,
9. Әлеуметтік қызмет көрсету – 28,
10. Басшылар қызметі бойынша салаларға 24 бос жұмыс орындары бөлінген.
Сондай-ақ, бұдан бөлек жастарға қолдау ретінде мемлекет субсидиялайтын көптеген жобалар іске қосылуда. Олар:
1«Жастар практикасы» жобасы.
«Жастар практикасына» оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаса болғаны. Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие. Жастар практикасының ұзақтығы 12 айдан аспайды.Жалақы кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
2. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы.
Бұл жоба 29 жастан аспаған жастар үшін бірінші жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды беру мақсатында іске асырылып отыр. Бірінші жұмысорнындағы жұмыс ұзақтығы 18 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орны беріледі. Жалақы кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Тіркелген жұмыссыздар сондай-ақ Электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) бос жұмыс орнын таңдай алады.
3. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы.
«Ұрпақтар келісімшартына» 29 жастан аспаған, оқуды 2 жыл бұрын бітірген оқу орындарының түлектері қатысады. Жұмыстың ұзақтығы 6 айдан аспайды, аяқталғаннан кейін қатысушыға тұрақты жұмыс орны беріледі не ол зейнеткерлік жасқа толған қызметкерді алмастырады. Жалақы кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды.
Сонымен қатар, айта кететін жайт ағымдағы жылдың 15 сәуірінен бастап университетте «Амбассадорлар академиясы» өз жұмысын бастайды, оның негізгі міндеті – университеттестуденттерді – амбассадорларды – компания өкілдерін дайындау. Олардың міндеттеріне түрлі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, білім алушыларға компаниядан тәжірибеден өту мүмкіндіктерін беру, болашақта осы компанияның қызметкері болу перспективалары кіреді. Мұндай мүмкіндіктер студенттерге үлкен септігін тигізетіні анық. Сондықтан осындай жобалардың арқасында болашағымыздың қайнар көзі болып табылатын өскелең ұрпақ өздерінің алғашқы еңбек жолында жақсы бастамаларға қадам басып, өз орындарынтабады деп сенеміз!
Толғанай Берменбет