BANNER

Ядролық отынның компоненттерін елімізде өндіреміз – Президент

Сурет: Ақорда

Президент ғалымдармен өткен кездесуде халық жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді қабылдайтынын айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

«Сонымен қатар, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Алайда ол үшін біз экономиканы терең трансформациялауымыз керек. Бұл күрделі үдеріс зор сын-қатермен қатар жүреді. Таяу болашақта еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін. Аталған мәселе жағдайды ушықтыра түседі. Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл экономикамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-коммуналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді. Проблеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін. Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бір ауыздан қолдайды. Қазақстан – табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз. Бұл – бәсекелестіктегі біздің басты артықшылығымыз. Оны пайдалана білуіміз қажет. Аталған мәселені қоғамда және кәсіби ортада кең ауқымда әрі жан-жақты талқылау керек. Бірақ популизм мен дау-дамайға жол беруге болмайды. Ғылыми қоғамдастық бұған қомақты үлес қосып, объективті және прагматикалық қағидаттарға негізделген салмақты пікір айтады деп ойлаймын. Ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамыту туралы да тілге тиек етті.

«Жаңартылатын энергия көздерін қарқынды дамыту жағдайында экономиканы әртараптандыруға баса мән беру керек. «Жасыл» сутегі өндірісінде әлеуетіміз мол. Қазірдің өзінде бұл салада серпінді жобаларды жүзеге асыру көзделген. Мұнай химиясында дәстүрлі пластик және жаңа материалдар сияқты қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды жолға қою қажет. «Жасыл» экономиканың дамуы аккумулятор өндірісіне қажетті сирек және сирек кездесетін металдарға сұранысты арттырады. Мысалы, сарапшылардың бағалауынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ғасыр ортасына қарай Еуропаға қазіргіден 35 есе көп литий қажет болады. Бізде осы және өзге де металдардың мол қоры бар. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтіп, бұл салаға үздік әлемдік тәжірибені енгізу қажет. Машина жасау бағытының болашағы зор. Елімізде көлік құрастыратын бірқатар кәсіпорын жұмыс істейді. Жергілікті өндірістің үлесін және технологияның импортын арттыру керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.