BANNER

Үкімет 9 млрд теңге қаржы бөлді: үш қалада жылу желілері салынып, жөнделеді

Фото: ulysmedia.kz

Үкімет Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға және реконструкциялауға 9 млрд теңге бөлді. Бұл қалалардағы желілердің 59-90% тозған, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Ulysmedia.kz сілтеме жасап.

 

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Бұл қаржының 3,6 млрд теңгесіне Павлодарда ұзындығы 2,5 шақырым болатын ТМ-13 жылу магистралі салынады. Бұл 41,5 мың адам тұратын Павлов – Шевченко – Катаев көшелері орналасқан аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал Екібастұзда жалпы ұзындығы шамамен 4 шақырым (3,6 млрд теңге) болатын ТМ-1 және ТМ-3 жылу магистральдарының учаскелері реконструкцияланады. Осы жұмыстың арқасында жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік мекемелерді, шағын және орта бизнес нысандарын қосу көзделген. Бұл 2 мыңнан астам адамды қамтиды.

Қалған 1,8 млрд теңге Ақсудағы №3,5 және 8 ықшам аудандарда орналасқан, ұзындығы 4,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңартуға аударылады. Соңғы 2 жылда аталған учаскелерде 40-тан астам ақау тіркелген. Реконструкция жұмысы 1,5 мыңнан астам жергілікті тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Ресей Қазақстандағы жылу орталығы құрылысын 2025 жылы бастайды.