Депутаттар Қарағанды облысында Ұлттық жобаның шеңберінде салынып жатқан денсаулық сақтау нысандарын аралады, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов құрылыс саласында проблемалар көп екенін айтты.
Денсаулық сақтау нысандары қалай салынып жатыр? Сапасы қандай? Проблемалары көп: құрылыс сапасының төмендігі, құрылыс жобаларының кешігуі, салынған нысандарды асығыс қабылдау рәсімі, заңнама талаптарына сәйкес келмеуі, қаражаттың уақытылы бөлінбеуі сияқты мәселелерді айтуға болады. Бір ФАП-ты (фельдшерлік-акушерлік пункт) салуға өте қомақты қаражат бөлінген екен. Біз барған 169 шаршы метрге жуық нысанды салуға 150 млн астам қаражат бөлінгені айтылды, бірақ құрылысшылар оның сапасы мен жобасына қарап, бұл жұмыстың одан аз тұратынын айтып жатыр. Әрине, сараптамасыз ешкімді айыптауға болмайды, бірақ сапа төмен екені көрініп тұр, - деді депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, жылыту жүйесі мобильді электр батарейлері арқылы жүзеге асырылған. Мұндай жылыту жүйесі заңнама талаптарына сай емес, осыған орай оны ресми балансқа алып, бюджеттен қаражат төлеудің өзі проблемаға айналып отыр.
Барлық жобалық-сметалық құжаттаманы бір ұйым дайындайды екен, сол ұйым жұмысты үлгермей жатыр. Неге бір жобалаушы компанияға бәрін беріп қойғандары түсініксіз. Жылдың соңына дейін тағы 50-ден астам нысан салынып, оның қаражатын мердігерге жыл аяқталғанға дейін аударып, қабылдап алу керек деген талап жоғары жақтан қойылған деп жергілікті қызметшілер алаңдап отыр. Егер үлгермей, қабылдап алмаса, құрылысты жергілікті бюджеттен өздерің саласыңдар деген ақпаратты естіп, асығыс шешімдер қабылдау қаупі бар. Аталған нысандар бойынша әлі конкурс та өткен жоқ, қаражат та бөлінбеген. Сонда сапалы құрылысты қалай үлгереді? – дейді ол.
Асхат Аймағамбетов өте керемет Ұлттық жоба төмен сапаны көрсету қаупі бар екенін айтты.
Бұл мәселелер тек облыстық құрылыс басқармасына ғана қатысты емес, жүйелі сұрақтар да көп. Осы проблемалар бойынша Үкіметтегі әріптестерімізбен жедел сөйлесіп, нақты шаралар қабылданып жатыр, - деп айтты мәжілісмен.