Дзюдодан Қазақстанның ұлттық құрамасы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына соңғы шешуші оқу-жаттығу жиынын Францияның Мез қаласында өткізіп жатыр. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Кazinform тілшісіне Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов айтып берді.
«Қазір Олимпиадаға соңғы оқу-жаттығу жиындарын Францияның Мез қаласында өткізіп жатырмыз. Жаттығу өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл қала бізге бұрыннан таныс. Осыдан бірер жыл бұрын дәл осы қалада біздің команда тағы да жаттығу жиынын ұйымдастырған болатын. Қаладағы жаттығу залында барлық жағдай жасалған. Бұйырса, Париждегі Олимпиада қалашығына 25 шілде күні ораламыз. 26 шілдеде ойындардың ашылу салтанаты өтеді. Ал 27 шілде күні бірінші болып біздің дзюдошылар жүлдеге таласады», - деді бас бапкер.
Айта кетейік, Олимпиаданың алғашқы жарыс күні ел намысын тәжірибелі Елдос Сметов (60 кг) пен Абиба Әбужақынова (48 кг) қорғайды. Осыдан кейін Эсмигуль Куюлова (63 кг), Камила Берлікаш (+78 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Нұрлыхан Шархан (100 кг) сынға түседі.
Франция астанасындағы ойындар 26 шілдеде басталып, 11 тамызда мәресіне жетеді.