BANNER

Шымкентте 22 адамнан тұратын радикал-экстремистік ұйым анықталды

pixabay.com

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасымен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 22 адамнан тұратын "Хизб-ут-Тахрир" радикал-экстремистік ұйымын анықтады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Прокуратураның мәліметінше, олар биыл "Рамазан" айында "ауызашар" өткіземіз деген желеумен радикалды экстремистік ұйымның жергілікті жақтастарының санын көбейту және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін діни жиындар өткізген.

“Тінту барысыда Қазақстанда тыйым салынған 7 діни кітап, діни мазмұндағы 10-нан астам қолжазба және мәтіндік парақшалар, 6 ұялы телефон мен 4 ноутбук тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 256-бабы 1-бөлігі (Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату) және 259-бабы 1-бөлігіне (Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру)сәйкес тергеп-тексеру амалдары басталды”, – делінген хабарламада.

Прокуратура 201-баптың талаптарына сәйкес басқа ақпарат жариялануға жатпайтынын хабарлады.