Ферроқорытпа зауытында болған апат кезінде зардап шеккен тағы екі адам Қарағанды ауруханасында көз жұмды. Төртеуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
«Қарқынды реанимациялық іс-шаралар өткізілгеннен кейін Қарағанды ферроқорытпа зауытының тағы екі қызметкерінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. 1981 және 1987 жылы науқастар есін жимастан қайтыс болды. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігеріп салып, күрескен болатын. Қаза тапқандардың жақын туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз», – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қаза болғандар – балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро мен бас механик қызметінің шебері Төлеген Жетпісбаев. Бірнеше сағат бұрын зауытта технолог болып жұмыс істеген 25 жастағы Ерұлан Қазкен қайтыс болған еді. Ал екі күн бұрын алған күйік салдарынан Музафар Исмаилов көз жұмған. Ол Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданындағы Үміткер ауылында жерленді.
Компания жерлеу рәсімін ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығынды өз мойнына алады. Атап айтқанда, “YDD Corporation” компаниясы келесі міндеттемелерді атқарады:
Отбасын қолдау үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем жасайды;
Отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек көрсетеді;
Қызметкер мен оның жұбайының барлық несиесін толық өтейді.
Сондай-ақ, олар барлық зардап шеккен жұмысшыға медициналық көмек көрсетуді жалғастырып, қызметкерлердің мүмкіндігінше тезірек отбасына оралуларына жағдай жасайтынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шекті. Олар Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша қосымша медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға академик Н.Д.Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығының қызметкерлері келді.