BANNER

Шымкенттік жігіт 20 жастағы қызды алып қашып, зорлады деген күдікке ілінді

pixabay.com

Шымкенттік тұрғын бойжеткенді алып қашып, 20 жастағы қыз тұрмысқа шығуға келіспеген соң зорлады деген күдікке ілінді.

Бұл ақпарат Telegram - арналардың бірінде пайда болды.

«Шымкенттік ер адам алдымен 20 жастағы бойжеткенді алып қашқан. Бірақ қыз көнбеген соң оны зорлаған. Жігіттің туыстары бұл туралы қыздың туыстарына сүйіншілеп, екі тараптың жақындары некеге өзара келіскен», - делінген ондағы жазбада.

Бірақ бойжеткеннің құрбылары жас қызға араша түскен. Оқиғаны полиция анықтап жатыр.

«Аталған фактіге қатысы бар барлық адам полицияға жеткізілгенін хабарлаймыз. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - делінген қалалық Полиция департаментінің мәліметінде.

Бұған дейін шымкенттік бойжеткенді маңғыстаулық жігіт алып қашпақ болған еді. Бұл сәттің видеосы қала көшелеріндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалды. 

Көп ұзамай жас жігіт сот үкімімен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.