BANNER

Қарағанды облысында Конституция күні қалай атап өтілмек

Фото: gov.kz

Қарағанды облысында бүгіннен бастап Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған іс-шаралар басталады. Қарағандылықтар мемлекеттік мерекені тек концерттермен және қоғамдық акциялармен ғана атап өтпейді. Бұл күні жаңа әлеуметтік нысандарды ашу да жақсы дәстүрге айналды.

– Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған облыстық іс-шаралар жоспарына 100-ден астам шаралар енгізілген. Бұл дөңгелек үстелдер, концерттер, фестивальдар, спорттық жарыстар, челлендждер, көрмелер және т. б. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жаңа пәтерлердің кілттері тапсырылады, әлеуметтік нысандар ашылады, – деді ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов аппараттық кеңесте.

Мысалы, Теміртауда мереке қарсаңында 50 пәтердің кілтін тапсыру жоспарлануда. Конституция күнімен бір мезгілде қоныс тойын көп балалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ медицина қызметкерлері тойлай алады.

Осакаров ауданында Молодежный кентінің тұрғындары үшін мерекеге жаңа Оқушылар сарайы сыйлық болады. Шахтинск қаласының Новодолинский кентінде гүлзар ашылады.

Әлеуметтік желілерде "Конституция – бірліктің нышаны" челленджі іске қосылады.

Шығармашылық бағдарлама туралы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов толығырақ айтып берді. Барлық қалалар мен аудандарда концерттер, музыкалық және әдеби кештер, көрмелер өтеді. Қарағанды кеншілер мәдениет сарайында 28 тамызда республикалық айтыс өтеді.

30 тамызда облыс орталығының тұрғындарын орталық мәдениет және демалыс саябағының жағалауындағы салтанатты шараларға шақырады. Концерттік бағдарламаға жергілікті шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысады.

Мерекелік концерттер Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау аудандарының басқа да ашық алаңдарда өтеді.

Қарағандыда Конституция күні "Мерейлі отбасы" байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары марапатталады.

Конституция күніне орайластырылған ауқымды спорттық бағдарлама да бар. Қарағандыда 26–30 тамызда футбол, бокс, үстел теннисінен турнирлер өтеді.