BANNER

Балуандарға Президент бастап, Арқа төсі қостап құрмет көрсетті

ortalyq.kz

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесіп, төртжылдықтың төбе жарысында төрге озған оғландарымыздың әрқайсысын арнайы құттықтап, Мемлекеттік наградалармен марапаттады. Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Қазақстан спортындағы өзекті мәселелерге тоқталып, болашақта отандық спортты дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

1

Сурет ұйымдастырушылардан Айта кетейік, Ұлттық құрама көшбасшысы, дзюдодан алтын жүлде иеленген Елдос Сметов І дәрежелі «Барыс» орденімен, оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев, дзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов және осы Олимпиадада қола медаль еншілеген дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев «Парасат» орденімен марапатталды.

Осы кездесуден кейін Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов, қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев сынды дзюдо шеберлері ат басын арнайылап кеншілер өлкесіне бұрды. Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі, «Jenys» кәсіпқой дзюдо клубының Президенті, осы салтанатты жиында «Құрмет» орденімен наградталған Алмаз Әлсенов бастаған спорт саласының аймақтағы бір топ майталмандары Олимпиада жүлдегерлерін сән-салтанатымен күтіп алды.

Мәшһүр балуандармен кездесу Қарағанды қаласындағы «Ариста» салтанат сарайында өтті. Оған Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі, «Jenys» кәсіпқой дзюдо клубының Президенті Алмаз Әлсенов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, облыстық дзюдо федерациясының басшысы Тимур Тұрсынбаев, әйгілі балуан, «Jenys» кәсіпқой дзюдо клубының директоры Талғат Байшолақов, Әлия Молдағұлова атындағы олимпиялық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Ерден Халилин, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда және «Jenys» кәсіпқой дзюдо клубының жаттықтырушылары, аймақтың атын әлемге танытып жүрген даңқты дзюдошылар мен басқа да балуандар қатысты.

 

Салтанатты жиын барысында халықаралық ауқымдағы спорт додаларында ел намысын қорғап, Көк Туымызды биіктен желбіретіп жүрген дзюдо шеберлеріне Алмаз Әлсенов мырзаның атынан қаржылай сыйлықтардың сертификаты және пәтер кілттері табысталды. Атап айтсақ, Елдос Сметовке 50 млн теңгенің, бапкері   Ғалымжан Жылгелдиевке 10 млн теңгенің сертификаты табысталды. – Менің жеңісім – барша қазақ халқының жеңісі. Еліміздің қай бұрышына барсам да, туған жерімде жүргендей өзімді жайлы сезінемін. Өйткені, менің жеңіске жетуіме әр қазақ баласы қолдау көрсетті, тақым қысты, тілектес болды. Сол қолдаудың арқасында Жақсылық Үшкемпіров ағамыздан соң еліміз ұзақ күткен алтын медаль бұйырды. «Jenys» кәсіпқой дзюдо клубының басшыларына, жанашыр ағаларыма шексіз алғыс айтамын. Спортқа қамқорлық танытып, спортшыларға алаңсыз дайындық жүргізуге мол мүмкіндік туғызып отыр.  Одан бөлек, бапкерімізге де ризашылық білдіремін. Жеңіске жетуіме бапкерімнің қырағылығы мен ұқыптылығының үлесі мол, – деп атап өтті Елдос Сметов.

Ал Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев 15 млн теңгенің сертификатымен марапатталды. – Бізді зор құрметпен қарсы алған Қарағанды жұртшылығына өте ризамыз. Бүгін өте қуанышты күн болды. Мемлекет басшысының қолынан марапат алдық.  Туризм және спорт министрі құттықтады.  Одан бөлек, Арқаға келіп, «Jenys» кәсіпқой дзюдо клубының басшылығы тарапынан тағы сый-құрмет көріп жатырмыз. Алғысымыз шексіз. Елдос, Ғұсман, Ислам, Жансай сынды даңқты дзюдошылар қандай сыйлыққа да лайықты. Олар қазақ дзюдосының тарихына есімін алтын әріппен жаза отырып, өздерінен кейінгі тұтас буынға үлгі бола білді.  «Jenys» кәсіпқой дзюдо клубының жас балуандарына осы ағаларының жолын, жас бапкерлерге біздің жолымызды берсін, – деді  Ғалымжан Жылгелдиев.

Облысымыздың мақтанышы, даңқты дзюдо шеберлері Ислам Бозбаевқа 3 бөлмелі пәтердің, Жансай Смағұловқа 4 бөлмелі пәтердің кілті берілді. – Бүгін – ерекше күн. Мемлекет басшысы Олимпиада жүлдегерлерін қабылдап, құттықтап, сенім білдірді. Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметов, қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаев Қарағандыға келіп, қуанып жатырмыз. Бәрімізді біріктіріп, басымызды қосып отырған – спорттың, дзюдоның құдіреті. Елдос алтын алып, Әнұранымыз Париж төрінде шырқалғанда, Ғұсман қола алғанда көңіліміз толқып, төбеміз көкке жетті. Елдостың бапкері Ғалымжан бауырымыздың да еңбегін атап өту керек. Жеңіс оңайлықпен келмейтіні белгілі. Алдағы уақытта жеңісті жолдан жаңылмаңыздар дегім келеді. «Jenys» кәсіпқой дзюдо клубының басшылығы, Алмаз Әлсенов бауырымыз азаматтық танытып, мырзалық көрсетіп жатыр. Бұл – ауыз толтырып айтуға тұрарлық іс, зор алғыс айтамыз, – деп атап өтті Темірхан Абылаев.

Бұдан бөлек Темірхан Абылаев мырза, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан қонақтардың иығына қазақы жолмен оқалы шапан жауып, құрмет көрсетті. Иә, ел мерейін өсірген ерлеріміз шынында да ең жоғары құрметке лайық!

Жәлел ШАЛҚАР, ortalyq.kz