BANNER

Қазақстандық дзюдошы әлем чемпионы атанды

Фото: Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі

Қазақстандық дзюдошы Санжар Ерұланұлы кадеттер арасында әлем чемпионы атанды, - деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы дзюдо федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді. Спортшы қарсыласын уақытынан бұрын иппон ұпайымен жеңген.

90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Санжар Ерұланұлының финалдағы қарсыласы украиналық Лебид Дмитро болды. 

Әлем рейтингінде 5-ші орында тұрған қазақстандық спортшы әлем біріншілігін екінші айналымнан бастады. Жалпы жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, төртеуінде де жеңіске жетті.

Алғашқы қарсыласы Мунгун Учрал Ууганбаярды (Моңғолия), одан кейін ширек финалда Гиорги Гелашвилиді (Грузия) жеңді. Ал жартылай финалда украиналық Аркадии Смаиловтан басым түсті. 

Жасөспірімдер арасында сынға түскен Санжар Ерұланұлының бұл әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. 17 жасар Санжар бұған дейін 2024 жылғы маусымда Қазақстан чемпионатын және Азия кубогін ұтқан. Еуропа кубогінде күміс жүлдегер атанған.  

Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Перудің Лима қаласында өтіп жатыр. Әлем біріншілігіне 48 елден 403 жас татами шебері қатысып жатыр.