BANNER

1200-ге жуық астаналық әскер қатарын толықтырады

pixabay.com

Астана қаласының Жастар сарайында күзгі әскерге шақыру науқанында Отан қорғауға келген азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Алғашқы лек Шекара қызметіне аттанды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Қарулы күштер Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Фархат Құрманғажинов, ҰҚК Шекара қызметінің ардагерлері, жас сарбаздықтар мен әскерге шақырылғандардың ата-аналары қатысты.

Осы жылдың күзінде елордадан 1200-ге жуық азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр.

Қарулы күштер Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы әскер қатарына жаңа алынғандарға арнаған сөзінде мерзімді қызметті өткеру кезінде жігіттер қару-жарақ пен әскери техниканы басқару машығын үйреніп қана қоймай, шынығып, шымыр болатынын атап өтті.

Азаматтың әскери қызмет өткеруі міндеті ғана емес, қасиетті борышы. Әскерге алынған әрбір жауынгер Отанды қорғауы – өз үйін, туыстары мен жақындарын қорғауы екенін түсінуі керек, – деді полковник Фархат Құрманғажинов.

Елорда әкімінің орынбасары жиналғандарды айтулы оқиғамен құттықтап, әскер сапын толықтырғандар үшін бұл күн – өмір бойы есте қалатын ерекше салтанатты күн екенін алға тартты.

Әскери антқа адал болып, ел алдындағы борыштарыңды абыроймен өткеріңдер!, – деді елорда жастарына Ерік Мейірханов.

30 әскерге шақырылушы биыл құрылғанына 100 жыл толатын Шығыс Қазақстан облысының Зайсан шекара басқармасында мерзімді әскери борышын өтейтін болады. Олардың кейбірі ел шебін қорғауды отбасылық дәстүрге айналдырмақ ойы бар.

Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде борышымды өтейтініме қуанып тұрмын, – деді әке жолын жалғастырған әскерге шақырылушы Мадияр Жолжан.

Іс-шара барысында жас сарбаздықтар шекарашылардың қызметіне арналған көрмемен танысып, олардың күнделікті өмірі туралы бейнероликтерді тамашалады. Ал «Батырлар» әскери-патриоттық орталығының тәрбиеленушілері іс-шараға қатысушыларға қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Шығарып салу рәсімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ансамблі дайындаған концертке ұласты.