BANNER

Ауыл әкімінің еңбегі мен жолы: жеке сектордан мемлекеттік қызметке дейін

Ауыл әкімінің еңбегі мен жолы: жеке сектордан мемлекеттік қызметке дейін

Қазақстандағы ауылдардың дамуы көбінесе басшылықтың іскерлігіне байланысты. Майлыбаев Ердос Рахметоллаұлы – ауылды өркендетуге үлес қосып жүрген азаматтардың бірі. Жеке секторда жинаған мол тәжірибесін мемлекеттік қызметте табысты қолданған ол, бүгінде Абай ауылдық округінің әкімі ретінде ауылдың көркеюі мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқаруда.

Ердос Рахметоллаұлы 1972 жылы 23 желтоқсанда Ақтоғай ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары: 1995 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын «мал дәрігері» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2012-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтоғай аудандық аумақтық инспекциясында жетекші маман, бас маман қызметтерін, сондай-ақ Ақтоғай ауданының ветеринария бөлімінің бас маманы лауазымын атқарған.

2017 жылы мемлекеттік қызметтен босап, Абай ауылдық округіндегі «Алаш-Агро» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы болып тағайындалды. Ол малды асылдандыру және оның сапасын арттыру жұмыстарымен белсенді түрде айналысты. Елде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, «Ынтымақ» бағдарламасы арқылы несие алып, модульді мал сою пунктін ашып, ауыл тұрғындары мен шаруашылықтарға қызмет көрсетті. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысы арқылы үлкен тәжірибе жинақтады.

2024 жылы ауылдың тыныс-тіршілігі мен бағыт-бағдарын жақсы білгендіктен, 9 маусымда өткен ауыл әкімі сайлауына қатысып, халықтың басым даусымен әкім болып сайланды. Әкім ретінде алғашқы жұмысын көктемгі су тасқыны салдарынан бүлінген ауылішілік жолдарды қалпына келтіру жұмыстарынан бастады. Сонымен қатар, ауылдың мектебінің алдына кіреберіс дәліз, саябақ сахнасы және ауылдың кіреберісіне «Абайым менің жүрегім» деген үлкен белгі орнатылды.

Ердос Рахметоллаұлының айтуынша, болашақта да осындай игі істер жалғасын тауып, ауыл халқының ынтымағы мен бірлігінің арқасында ауылды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Мемлекеттік қызметті Ердос Рахметоллаұлы үлкен абырой және зор жауапкершілік деп санайды. Еліне және өз ауылына қызмет етуді ол өзінің ең басты міндеті деп көреді.