BANNER

Бұқар Жырау ауданында жаңа әкім

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Президент Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Ерлан Құсайын Бұқар Жырау ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Ауданның жаңа әкімін өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев таныстырып, оның алдына бірқатар міндеттер қойды.

– Сіздің басты міндетіңіз – аудан тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Егін жинау науқанының уақтылы аяқталуын және жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет. Әлеуетті инвесторлармен, мемлекеттік қолдау құралдары бойынша бизнеспен белсенді жұмыс жасаңыз. Жастар кәсіпкерлігі мен стартаптарды дамытуға назар аударыңыз. Аграрлық бизнес өкілдерінің шағымдары мен сұрақтарына мұқият қараңыз. Ауданда ашықтық пен жариялылық қағидаттарында жұмысты ұйымдастыру қажет, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Қорытындылай келе, баршаңызға бірлескен жұмыста табыс тілеймін.

Ерлан Құсайынның үш жоғары білімі бар: Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін "Қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы" мамандығы бойынша, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін "экономика саласындағы құқықтық реттеу" мамандығы бойынша, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы бастаған. 2007 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Қарағанды облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің қаржы, ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы болды.

2008 жылдан 2014 жылға дейін Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінде түрлі қызметтер атқарды.

Содан кейін Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Қарағанды облысы әкімі аппаратының Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығын басқарды. Қарағанды облысы әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ директоры, ішкі саясат басқармасының басшысы, Қарқаралы ауданының әкімі болды.

2023 жылдың қараша айынан бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.