BANNER

Қазақстанда жеке басында 5 бірдей картасы бар адамның ақша аударымдары мен төлемдері тексеріледі

pixabay.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерге клиенттерді тексеру талаптарын қатаңдатуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, бір банкте бес және одан көп картасы бар клиенттерді қатаң бақылауға міндеттемек. Тиісті өзгерістер жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды, ал талқылау 30 қазанға дейін жалғасады. 

Бір банкте 5-тен көп картасы бар адамдар үшін шектеу енгізіледі. Яғни айына жалпы сомаға 100 мың теңгеден аспайтын үш төлем мен аударым жасауға рұқсат беріледі. Қазіргі заңнама бойынша ерекше бақылауға 10 және одан көп картасы барлар алынады.

"Реттеуші банктерге халықаралық қаржы орталығының қатысушыларынсыз криптобиржаларға төлемдер мен аударымдар жасаудан автоматты түрде бас тартуды ұсынады. Ұқсас талап электрондық және интернет-казиноларға жасалатын аударымдарға да қатысты болмақ. Сонымен қатар заңды құмар ойын бизнесін ұйымдастырушылар 21 жасқа толмаған адамдардан аударымдар ала алмайды", – делінген агенттік хабарламасында.

Сондай-ақ егер алушы заңсыз есірткі өндірумен, айналымымен немесе транзитімен байланысты болса, банктер транзакцияларды қабылдаудан бас тартуы мүмкін. ҚНРДА бұл тексеру автоматтандырылған ақпараттық жүйелер мен осындай операцияларды анықтауға мүмкіндік беретін рәсімдер болған жағдайда мүмкін болатынын нақтылады.

Реттеуші "банк өнімдерін есірткі мен цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында пайдаланудың тәуекелдерін азайту мақсатында" түзетулер енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Жоғарыда аталған барлық жағдайда банк ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелінің жоғары деңгейін тағайындауға және мұндай клиенттерге қатысты күшейтілген тексеру шараларын қолдануға міндетті.

Еске салайық, бұған дейін елімізде банктер алаяқтар рәсімдеген несиелерді өтеуге міндеттелетінін жаздық. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, егер несие қарыз төлеушінің тікелей қатысуынсыз рәсімделсе, қарызды жою мүмкіндігі қарастырылған. Сәйкесінше, қандай да бір жолмен азаматтың жеке деректері алаяқтардың қолына түсіп, несие алуға өзі қатыспаған жағдайда қарыз жойылады.