ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері Алматы қаласының Жетісу ауданында жалға алынған жеке үйлердің бірінде есірткі зертханасын жойды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
"Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жалпы салмағы бір жарым килограмнан асатын "aльфа-pvp" синтетикалық психотроптық заты табылып, тәркіленді. Күдікті ұсталды. Одан салмағы 100 грамнан асатын "синтетика" тәркіленді. Ер адам есірткіні байланыссыз тәсілмен өткізбек болған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Полиция жыл басынан бері 52 есірткі зертханасын жойды. Заңсыз айналымнан жарты тонна "синтетика" тәркіленді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.