BANNER

Декларация тапсырмаған қазақстандықтардың шоттары бұғатталады

Фото: pixabay.com

16 қыркүйек күні Қазақстан жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі бойынша декларация қабылдауды аяқтады. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті декларацияны тапсыра алмағандарға қандай шара қолданылатынын айтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі шеңберінде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсырды. Декларацияны тапсыру мерзімі 2024 жылғы 16 қыркүйекте аяқталды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, биыл 2 миллионнан астам жеке тұлға алғаш декларация тапсырған.

Ал, декларацияны тапсырмағандарға салық заңнамасында белгіленген мерзімде салық есептілігін ұсынбағаны туралы хабарламалар жіберілді.

“Хабарламаны алған сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде мұндай адамдар декларацияны ұсыну немесе түсініктеме беру арқылы бұзушылықты жоюы қажет. Мұндай салық төлеушілерге Салық кодексінің 118бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес банктік шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтата тұру түріндегі шара қолданылады”, – деп ескертті мемлекеттік кірістер комитеті.

Салық төлеуші декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), "Электрондық үкімет" порталы (egov.kz) және "E-Salyq Azamat", "eGov mobile" Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz. мобильді қосымшалары арқылы тапсыра алады.