BANNER

Қарағанды облысында жылумен қамту бойынша 14 жоба қолға алынды

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қарағанды, Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында 31,5 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылуда. 17 шақырым магистральдық жылу желілері ретке келтірілді. Бұл желілердің тозуын 64,4%-ға дейін төмендетеді.

Облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында соңғы 30 жылдағы ең ірі жобалардың бірі қолға алынуда. Бұл Қарағанды қаласындағы үшінші жылу беру нүктесінің құрылысы.

– Қазан айында жылу магистралі іске қосылады.  Жоспар бойынша жеті жыл ішінде үшінші жылу нүктесінің жылуы 1,2 млн шаршы метр тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ете алады.  Яғни 20 мыңнан астам пәтерді қамтиды, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар, шалғайдағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 14 ауыл сапалы сумен қамтылды. Қазір ауыз су құбыры бір жарым мың тұрғынның үйіне тартылды.  26 ауылда шағын блок-модульдер орнатылуда. Бұл ілкімді шаралар облыс халқының 97,6%-ын сапалы сумен қамтуға жол ашты.

Сондай-ақ, жеке секторды газдандыру жұмыстары жалғасуда. Газ желілері 7621 үйге тартылды. Оның 3573-і табиғи газға қосылған.

Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқыны өсуде. Осы жылдың 9 айында 380,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл бұрынғыға қарағанда 4,7%-ға көп.

 

Жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл мыңдаған отбасын, соның ішінде әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлердің тұрғын үй құрылысындағы маңызды рөлін атап өтті. Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, ауылда үйлер тұрғызуда. Қазірдің өзінде 55 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 755 пәтер салынды.