Қара өлеңнің биігі де, күйігі – Қасым жырдың құдіретінде. «Жыр бәйгеге аттанған адам болса, Сөредегі Қасымын есіне алсын» демей ме Мұқағали Мақатаевтың өзі. Абай, Мағжаннан кейін қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен ақын – атақты Қасым Аманжолов екені болса да, болмаса да белгілі. Міне осынау мұраны дәріптеу үшін жыл сайын Қасым оқулары ұйымдастырылып келеді. Қалалық, облыстық, республикалық деңгейде ақын есімі ұлықталып жүр. Биыл да осы үрдіс жалғасып, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхана ақын оқуларын ерекше форматта өткізді.
«Шықшы тауға, қарашы кең далаға» атты өлкетану экспедициясы барысында дауылпаз ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Бұл додада жоғары оқу орындарының 5 тобы өзара кім мықтыны анықтады. Олар:
Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Dayul» тобы; Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Сағынов жастары» тобы; Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр тобы» тобы; Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің «Бірлік» тобы; «Bolashaq» академиясы жеке меншік мекемесінің «Жауһар» тобы.
Жыр аламаны қатысушыларының алғашқы аялдамасы киелі Қарқаралы топырағындағы Қарқабат ана ескерткіші болды. Мұнда аудан басшылығы Қасым еліне аттанған жастарды сән-салтанатпен күтіп алып, сәттілік тілеп шығарып салды. Келесі аялдама Қасым Аманжолов ауылдық округі болды. Экспедиция қатысушылары Қасым ауылында орналасқан ақын ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Қасымның жас кезі бейнеленген ескерткіш 1991 жылы 5 шілдеде орнатылған, авторы жергілікті мүсінші Тоқтар Ермеков.
Қасым ауылында қатысушы топтар өздерін таныстырып, ұрандарын айтты. Одан кейін «Ой ширату» ойыны ойнатылды. Әр топ ақын жайлы сұрақтарға жауап беріп, өзіне тиісті ұпайларын еншіледі. Сондай-ақ, экспедиция мүшелері ауыл мектебінде орналасқан Қасым өлкетану музейіне экскурсия жасап, ақын өмірімен жақынырақ танысты. Одан кейінгі аялдама Аққора ауылы. Бұл ауылда да қатысушылар Қасым Аманжоловқа арналған ескерткішке гүл қойып, тағзым етті. Бұл ескерткішті ауыл тұрғындары 1987 жылы өз қаражатына Алматыдан тапсырыс беріп жасатқан.
Экспедиция әрі қарай Сарыобалы ауылына бет алды. Қатысушыларды ауыл кіреберісінде күтіп алған соң, экспедиция мүшелері Қасым Аманжоловтың кіндік қаны тамған жерге барып, Қасым құдығы мен ескерткішін көрді. Дүбірлі дода қатысушылары осындай ерекше әсермен Сарыобалы ауылының клубында Қасым Аманжоловтың өлеңдерін оқып, әндерін орындап өз өнерлерін паш етті. Осылайша «Шықшы тауға, қарашы кең далаға» атты өлкетану экспедициясының бірінші күні тәмамдалды.
Экспедиция екінші күні Қарқаралының мәдениет үйінде қорытындыланды. Онда әр топ Қасым Аманжолов шығармашылығына арналған бейнебаянын көрсетіп, көрермен назарына ұсынды. Содан соң «Ұшқыр ой» сайысы ұйымдастырылды. Онда ақынның белгілі бір өлеңі беріліп, қатысушылар сол өлеңге жан бітірді. Яғни, болып жатқан құбылыстың суретін салып, өлеңге талдау жүргізді. Осы сәттен кейін Серік Сағынтай бастаған қазылар алқасы жеңімпазды анықтау үшін ақылдасу бөлмесіне кетті.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр тобы», екінші орынды Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Dayul» тобы, үшінші орынды Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Сағынов жастары» тобы иеленді. Жүлдеге ілікпей қалған топтар да елеусіз қалмады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.
Өмірде адамның рухани азаттығына, өнерде суреткерлік еркіндікке ұмтылған, нағыз ақындық тағдыр кешкен, сырлы сөздің мұраты мен сертіне жеткен «Аманжол – Рахымжанның Қасымының» асыл мұрасы бүгінгі азат елдің, тәуелсіз Алаш баласының бағалы да байтақ қазынасы. Қасым – халық пен өнер алдындағы өзінің миссиясын толығымен орындаған суреткер. Ал ұлы ақынды тану – бүгінгі және келер ұрпақтың парызы деп білеміз. Сөзімізді Серік Қирабаевтың: «Поэзиядағы ой-пікірдің байлығы мен сезімнің шыншылдығы, өлең сөздің тапқырлығы қатар келетін Қ.Аманжоловтың өлеңдері талай ұрпақпен сырласып, оның жанын тебіренте алары сөзсіз» деген ойларымен аяқтауды жөн көрдік.