Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында 2025 жылды жұмысшы жылы деп жариялаған болатын. Осы орайда Life09 ақпарат агенттігі қарағандылық кран машинисімен сұхбаттасқан болатын.
Қарлығаш Рахметбаева – өз ісіне адал, кәсіби білікті кран машинисі. Жауапты және күрделі жұмысты мінсіз атқарып, әріптестері арасында сенімді маман ретінде танылған. Ол биік кранда құрылыс материалдарын дәлдікпен жеткізіп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап келеді.
«Бұл жерде жұмыс істегеніме 9 жылдай болды. Бұл мамандықпен бұрын жұмыс істеймін деп ойламағанмын. Бірінші келіп, көріп қызықтым. Одан кейін осы жерден жарты жылдай іс-тәжірибеден өттім. Міне, сол уақыттан бастап кранға отырдым. Жұмысты оңай деп айта алмаймын. Салмағы ауыр, үлкен жүктермен жұмыс істейміз», - дейді Қарлығаш Рахметбаева.
Кран машинисі жұмысына көршім шақырды дейді Қарлығаш Рахметбаева.
«Бұрын мектепте жұмыс істегенмін. Жалақы аз болып басқа жұмыс қарауға тура келді, көршім қазіргі жұмысымды ұсынып осында кел деп шақырды. Басында қатты қорықтым. Қазір үйрендім, бәрі жақсы», - дейді қарағандылық кран машинисі Қарлығаш.