BANNER

Қарағандыда маркетплейстің алғашқы жетістіктері мен жоспары туралы айтылды

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда жаңа қазақстандық Тeez маркетплейсі жұмысын бастады. Оның басты артықшылығы - бүкіл тапсырысты бір күнде жеткізу. Тапсырыс беру пункттері еліміздің 24 қаласында ашылды.

ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге электрондық сауда алаңының бірыңғай қоймасына барды. Оларға барлық логистика көрсетілді, іске қосу нәтижелері мен өршіл жоспарлар туралы айтылды.

– Қазір бізде 40 тапсырыс беру пункті бар, Біз Қазақстанның 24 қаласында өкілдік етеміз. Алдағы уақытта 127 тапсырыс беру пунктін ашып, 30 қаланы қамту жоспарлануда. Клиенттік қосымшамыз да құрылды, қазіргі уақытта оны 170 мың адам жүктеп алды. Жүктеу жылдамдығы бойынша қосымшалар екінші орынға ие болды – күніне 15–20 мың адам. Қазірдің өзінде 540 сатушы тіркеліп, біздің алаңда өз тауарларын сататын 20 мыңға жуық жеке кәсіпкердің карточкаларын жасады. Өнім ассортименті – 50 мың атау, – деді Teez негізін қалаушы Линар Хуснуллин.

Қазір компанияда 245 адам жұмыс істейді. Ал болашақта 8 мың жаңа жұмыс орны құрылып, шағын және орта бизнес қолдау алады.

Жобаның басында бірыңғай қойма жалпы ауданы 25 мың ш.м. аумаққа төрт ғимаратта орналасқан, ал 2030 жылға қарай 120 мың ш. м. алаңда өз үй-жайларын салу жоспарлануда.

Болашақта компания интернет-коммерция көшбасшыларына шығуға ниетті.

– Соңғы жылдары біз электрондық сауданың күрт өскенін көріп отырмыз. Тек 10 айдың қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем 20%-ға өсті. Абсолютті түрде бұл сома 3 трлн теңгеден асады. Мұндай жобалар экономикаға, тұтынушылар үшін тауарлардың қолжетімділігіне оң әсер етеді, – деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Министр географиялық жағдайды, инфрақұрылымды ескере отырып, Қарағанды облысы қазақстандық тірек сауда-логистикалық орталыққа ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия хабына айналуы мүмкін деп санайды.

Арман Шаққалиев өңірге жұмыс сапары аясында бірқатар сауда нысандарын аралады. Осакаров ауданында бизнес өкілдерімен және тұрғындармен кездесті. Мақсаты кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа құралдарын түсіндіру болды.

Ауылдық дүкенге және ірі қалалық супермаркетке барған кезде министр отандық тауарлардың сөрелерге орналасуына қызығушылық танытты. Ол жұмыртқа сататын бөлімге де кірді. 

Сатып алушылардың таңдауы кең екеніне көз жеткізді, оның ішінде өндірушінің бағасы бойынша да тауар бар – С1 санатындағы он дана үшін 470 теңге.

Арман Шаққалиев "Қарағанды Нан" корпорациясының жұмысымен де танысты. Компания нан, макарон, жұмыртқа және басқа да өнімдер шығарады. 

Облыс пен ел нарығын азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, көрші елдерге де экспорттайды. Жұмыртқа Ауғанстанға жеткізіледі.

Global Сity СОО-ға барған кезде сауда және интеграция министріне ірі көтерме саудагерлерге арналған тауарларды сақтауға арналған қойма кешені көрсетілді. Кірме жолдар мен кедендік бақылаудың жеке аймағы да бар.