4 желтоқсан күні аудандық мәдениет үйінде Нұра ауданының төрт тұлғасы – Шоң Телғозыұлының 200 жылдығына, Қайып Айнабековтың 140 жылдығына, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына және Бүркіт Ысқақовтың 100 жылдығына арналған «Төртеу түгел болса...» атты төрт айтыскер ақынның жыр шашуы өтті.
Кеште Дидар Қамиев, Тілеген Әділов, Мақсат Ақанов, Айтбай Жұмағұлов сынды ақындар өнерлерін көрсетті.
Іс-шараны мәдениет үйінің директоры Әділбек Құмарұлы әр ақынды жеке таныстырудан бастаса, ары қарай көрермен Тілеген Әділов пен Айтбай Жұмағұловтың айтысын тамашалады. Ақындардың тапқырлығына тамсанған халық белсенділігін танытып, қолпаштап ыстық ықыласына бөледі. Айтыс барысында ауданымыздың мақтаныштарын да назардан тыс қалдырмады.
Екінші болып шыққан жұп «Алтын домбыра-2023» жыр аламанының жеңімпазы – Мақсат Аханов пен республикалық байқауларда жоғарыдан көрінген Дидар Қамиев жұртшылықтың көңілін арқа-жарқа етті.
Іс-шара барысында ақындар жеке өнерлерін де көрсетіп, жиналған қауымның қошеметіне бөленді. Кеш барысында ауданымыздың жас дарынды баласы Нұрбол Жақияның өтінішін жерге тастамай, Мақсат Ахановпен кішігірім айтыс ұйымдастырып ағаларының ақ батасын алды.
Ұзақтығы екі сағаттан асқан шара соңында аудан әкімі Бақытжан Мұқанов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зарлық Мақсұтұлы өнерлерін көрсеткен ақындарға алғысын білдіріп, әрқайсысына 250 000 теңге көлеміндегі сертификаттарды ұсынды.