Астанада қараусыз қалған ғимараттан 14 жастағы мектеп оқушысының денесі табылды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов неліктен бұл істің жабылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Life09 ақпараттық агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Вице-министр Санжар Әділовтің айтуынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ.
"Қыз балаға қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша "Өзін өзі өлтіруге итермелеу" бабымен іс қозғалды. Барлық тергеу әрекеті жүргізілді. Зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Процессуалдық шешім прокурормен келісілген түрде қабылданып, алдын ала тергеу тоқтатылды", – деді ол мәжіліс отырысында.
Оның айтуынша, іс қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылды.
Айта кетейік, Астанада қараусыз қалған ғимараттан табылған 14 жастағы қыздың әпкесі Карина Александрюк полицияның әрекетсіздігіне шағымданды. Ол әлеуметтік желіде тергеудің дұрыс жүргізілмегенін айтты. Ол сіңлісінің денесінде зорлық-зомбылық белгілері болғанын, бірақ полицияның оны елемегенін жеткізді. Карина тергеу барысында қылмысқа қатысы бар адамдар мен жауап алынбаған куәгерлерді анықтағанын айтты. Сонымен қатар ол отбасында қиын жағдай туындағанын және басқа балалар үшін алаңдайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы №5 мектеп-гимназия жанындағы қаңырап қалған ғимараттан 14 жастағы оқушы қыздың мәйіті табылғанын жаздық. Әлеуметтік желіде мәйіт мектеп жанындағы қаңырап қалған ғимараттан табылды деп айтылған. Видеодан бір кездері балабақша болған ғимаратты көруге болады. Басылым авторы қараусыз қалған ғимараттың қоршаумен қоршалмағанын және кез келген адам ішке емін-еркін кіре алатынын хабарлайды. Полиция департаменті мәйіттің табылғаны туралы ақпаратты растады.