BANNER

Ақтөбе облысындағы ауыл әкімінің кабинетінен ішімдік табылған

stan.kz

Ақтөбе облысында ауыл әкімінің демалыс бөлмесінен ішімдік табылды. Әкімнің кабинетіндегі мұздатқыштағы коньяк мемлекеттік қызмет істері агенттігінің назарына ілікті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарабұтақ  ауылының әкімі Кеңшілік Байдрахманов мұздатқыштағы ішімдіктерге қатысты түсініктеме жазды.

Видеодан әкімнің демалыс бөлмесіндегі мұздатқыш ішінде бірнеше ішімдік тұрғанын көруге болады. Видеоның әкімдік ішінде түсірілгенін ауыл әкімі де, аудан әкімі де растады. Бірақ ішімдіктің әкімнің кабинетінде неге сақталып тұрғанын ешкім түсіндірмеді.

“Әлеуметтік желіде менің кабинетімді салған. Мен сол күні қызмет барысымен аудан орталығында болдым. Желі қолданушы әкімдікке келген. Орынбасарыммен сұхбат жүргізген. Кейін кабинетіме кіріп, екінші бөлмені ашып қараған. Ол жердегі мұздатқышты видеоға түсірген. Мен ол жерде жоқпын. Әкімдік қызметкері қасында жүр. Кім қойғанын білмеймін. Бұл жағдайға қатысты аудан әкімі түсініктеме алды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне түсіндірме бердім. Мен ол жерде болған жоқпын. Ол затты кім қойғанын білмеймін”, – деді Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі Кеңшілік Байдрахманов.

Аудан әкімдігі бұл жағдайға түсініктеме берді. 

“Бұл жағдай желтоқсанда болды. Сол күні ауыл әкімі расымен аудан орталығына келді. Ауыл әкімдігіне желі қолданушысы кіріп барған. Ауыл әкімінен түсініктеме алынды, Түсініктемесінде мұздатқышта тұрған ішімдіктердің қайдан шыққанын білмейтінін айтты”, – деді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.

Желі қолданушысы әкімнің демалыс бөлмесін, әкімдік ішін видеоға түсірген. Әкімнің орынбасарымен сұқбат жүргізіп, ауыл мәселесін көтерген. Ауылдағы бұралқы иттер, қоқыс мәселесінің шешілуін сұрап отыр.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік қызмет істері агенттігі видео жарияланымға қатысты бұл фактіге зерттеу жүріп жатқанын айтты.

Кеңшілік Байдрахмановтың Қарабұтақ ауылына әкім болғанына алты жылдан асты. Ол 2018 жылы Қарабұтақ ауылының әкімі қызметіне тағайындалған. 2022 жылдың наурызда сайланды. Қарабұтақ ауылында 2400-ға жуық халық тұрады. Бұл ауылдық округке төрт ауыл Белқопа, Еңбекту, Жарөткел және Қарабұтақ қарайды.