Елордада қазақ күресінен «Дала қырандары» турнирі аяқталды.
Жеңіс үшін сегіз салмақ дәрежесінде 64 спортшы бақ сынасты. Қарағандылықтар үш жүлделі орынға ие болды.
Қарағанды облысынан бес спортшы қатысты: Нұржігіт Орал (55 кг), Бауыржан Хуанган (82 кг), Олжас Исаханов (90 кг), Мұхит Қарғабай (90 кг), Ерқанат Молдағұлов (100 кг). Олардың үшеуі түрлі санатта жүлделі орындарға ие болды. Ерқанат Молдағұлов 100 кг салмақ дәрежесінде екінші, Бауыржан Хуанган 82 кг салмақ дәрежесінде үшінші, Олжас Исаханов 90 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдені иеленді. Олардың барлығы – олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушілері.
– Қарсыластарымыз өте күшті болды. Олардың арасында әлем, Азия чемпиондары, Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары бар. Әр салмақ дәрежесінде сегіз балуан қатысты, олар алдыңғы іріктеу турларында жеңіске жетті, – дейді Қарағанды облысының қазақ күресінен аға жаттықтырушысы Мақсат Ахметбеков. – Біздің спортшылар да өте мықты. Менің ойымша, бұл жолы оларға сәттілік жетпеді, ал олардың шеберлігі жоғары деңгейде, – деді ол.