Қарағанды облысында балық шаруашылығының дамуына қауіп төндіретін табиғи жағдайларға қарсы күрес күшейтілуде.
Қыста мұздың қалыңдығы мен қар жамылғысының артуы оттегінің жетіспеушілігін тудырып, су айдындарындағы балықтың қырылуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Абай ауданы Саран су қоймасында Қарағанды облысы орман және жануарлар дүниесін қорғау жедел тобы инспекцисы мен «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ қызметкерлері бірлесе отырып, балықтардың қырылуына қарсы жұмыстар жүргізуде. Бұл іс-шараларға су айдындарында шұңқырларды бұрғылау, қамыс бауларын орнату және суды аэрациялау үшін сорғыларды пайдалану кіреді.
Қарағанды облысының балық шаруашылығы су айдындарының қорын сақтау мақсатында қаңтар айынан бастап наурыз айының соңына дейін аталмыш жұмыстарды жүргізбек. Облыс бойынша 179 жергілікті маңызы бар су айдыны мен 2 республикалық маңызы бар су айдыны бар. Осылайша, өңірде балық шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су айдындарын қорғау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Айдана Таңатар