BANNER

Саран қаласы салық түсімдерін шоғырландыра бастады

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысындағы Саран қаласының экономиканы әртараптандыру жөніндегі табысты тәжірибесі үлгі ретінде мысалға келтірілді. Бұрынғы моноқала айтарлықтай салық түсімдерін жинай бастады. Бұл индустриялық аймақты дамытудың арқасында мүмкін болды.

– Қалалар мен аудандар әкімдері бейінді басқармалармен бірлесіп, салық салу базасын ұлғайту, бизнесті дамыту, жаңа инвестициялар тарту және инфрақұрылымдағы алшақтықтарды азайту үшін ұдайы жұмыс істеуі қажет. Мысалы, Саран қаласындағы жаңа және жұмыс істеп тұрған өндірістерді қолдау есебінен экономика толығымен әртараптандырылған. Өткен жылы мемлекеттік бюджетке 21,4 млрд теңге салық пен төлем түсті. Оның ішінде республикалық бюджетке – 7,2 млрд, жергілікті бюджетке – 14,2 млрд, оның жартысы негізгі проблемаларды шешуге қала бюджетіне түсті, – деп хабарлады облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының қойған тапсырмаларын іске асыруды талқылау бойынша өңір активінің кеңесінде.

Ол облыста өсу нүктелерінің бірі Теміртау маңында металлургиялық кластер құру болатынын атап өтті. ШОБ-тің жаңа жобаларын мемлекеттік қолдау, оның ішінде жергілікті бюджеттен субсидиялау қарастырылған.

Ал «Сарыарқа» АЭА-да кремний кластерін құруға болады.

Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту туралы айтты. Бұл жергілікті тауар өндірушілер өз цехтарын жеңілдікті шарттармен орналастыра алатын алаң. Биыл Қарағандыда екі және Саранда бір шағын өнеркәсіптік аймақ ашу жоспарлануда. Теміртауда - «Кармет Сервис» базасында және Шахтинскіде – ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған синтетикалық жуғыш заттар зауытының базасында осындай алаңдар құру пысықталуда.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев басқа қалалар мен аудандарда да шағын өнеркәсіп аймақтарын құру және тоқтап тұрған өндірістерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.