BANNER

Шымбұлақта шетелдіктер жанжал шығарды

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортында грузин азаматтары мен қызметкерлер арасында жаппай төбелес болды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Дәл төбелес болатын күні Шымбұлақтағы тау шаңғысы мектебіне 150 адам түнгі сырғанауға келген. Түнгі сырғанау уақыты сағат 19:00-23:00 арасы. Жаппай келген сырғанаушыларға санаулы маман әп-сәтте қызмет көрсете алмаған.

"Ғимарат адамға толып кетті. Бір қарасақ шу басталды. Кезекте тұрған 6-7 грузин жігіті біздің жас қызметкерге жабылып жатыр екен, өте ауыр сөздермен балағаттап, каскалармен ұрды. Яғни, қол жұмсауға дейін барды. Мен оларды әрең ажыратып, сыртқа алып шығып кеттім", - дейді Шымбұлақ тау шаңғысы курортының қызметкері Азамат Дүйсеов (аты-жөні өзгертілген – ред).

Алайда, жанжал мұнымен басылмаған. Курорт қызметкерінің айтуынша, жанжал шығарған азаматтар ішімдік ішкені байқалған. Курорт талабы бойынша ішімдік қолданғандар сырғанау алаңына жіберілмейді. Бірақ демалушылар ережеге бағынбай, төбелес шығарған.

"Қонақтар болғандықтан, біз оларға артық сөз айта алмаймыз. Мен рұқсат жоғын ескертіп едім олар шаңғыларын лақтырып, жанжалды қайта бастады. Біз өзіміздің қосымша күзет қызметін шақырдық. Грузин азаматтары енді солармен ерегесіп, төбелес бастады. Балағаттағандарына мән бермес едік, бізді ұрып бастады", - дейді курорт қызметкері.

Қазіргі уақытта бес грузин азаматы қамауда отыр.

"Медеу аудандық полиция басқармасы бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы қылмысты жасады деген күдікпен бес адам қамауға алынды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істің объективті мән-жайы анықталуда", - дейді Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі.