Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастыруда.
Аймақ басшысы Қарағанды қаласының әкімімен, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшыларымен бірге «Қарағанды Нан» зауытына келді.
Қызметкерлер қаланы дамыту мен абаттандыруға қатысты өз сұрақтарын қойды.
– Біз осындай кездесулерді жұмыс орындарында болашаққа жоспарларыңызбен бөлісу, сіздердің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді тыңдау үшін арнайы өткіземіз. Сіздердің кәсіпорындарыңыз маңызды: сіздер тұрғындарды әлеуметтік нанмен қамтамасыз етесіздер. Зауытта мыңға жуық адам жұмыс істейді. Елімізде сұранысқа ие өнім экспортқа шығарылады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Жалпы, қала дамып келеді, өздеріңіз көріп отырсыздар. Проблемалық мәселелер бар, бірақ қала экономикасы тұрақты. Біз өткен жылы үлкен жобаларды іске қостық, әсіресе бұл тұрғын үйлер, мектептер. Газдандыру белсенді жүргізілуде. Бірқатар ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырудамыз. Қаланы абаттандырумен айналысудамыз, биыл Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты дамытуға баса назар аударамыз.
Кездесуге қатысушылар газдандырудың алдағы жоспарларына қызығушылық танытты: кәсіпорындар болашақта көгілдір отынға ауыса ала ма? Бұл экологияны жақсартуға мүмкіндік береді. Қазір жеке сектор басымдыққа ие, бірақ келешекте табиғи газ кәсіпорындардың қажеттіліктеріне де бөлінетін болады.
Бұдан басқа, үшінші жылу құбырын іске қосу жылу қуаттарының тапшылығын шешеді.
Қызметкерлер Оңтүстік-Шығыстың дамуын ескере отырып, кәсіпорын ауданына автобус бағытын жіберуді сұрады. Мәселені шешу мүмкіндіктері қарастырылады.
Тұрғын үй мәселесі өзекті болып қалуда. Кездесуде «Отбасы банк» филиалының директоры Бауыржан Жуасбаев жұмысшы мамандықтарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар туралы айтып берді.
Кәсіпорын басшылығын өз қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жеңілдікті ипотека бағдарламасына қатысуға шақырды.
Медициналық қызмет көрсету мәселелері көтерілді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова скринингтер, кәсіби тексерулер өткізу үшін мамандардың кәсіпорынға шығуын ұйымдастыруды ұсынды.
– Ұжымның негізінен әйелдер екенін ескерсек, бұл өте өзекті. Скринингтік зерттеулерден өту үшін үш күндік әлеуметтік демалыс болуы мүмкін. Бәлкім, оны пайдаланатындар аз шығар. Бізге өзіміз келу оңай – сіздер үшін алға қадам жасау, – деп мәлімдеді Бибігүл Төлегенова.
Жұмысшы мамандықтарын қолдау және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар айтып берді. Облыс бойынша үш мыңға жуық бос жұмыс орны бар.
Сондай-ақ, Мансап орталықтарында мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары бар. Қарағандыда еңбекке қабілетті халықтың жартысына жуығы жұмысшы мамандықтарымен айналысады. Шағын және орта бизнесте 146 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтылды.