BANNER

Қарағандыда «Абай жолы» роман-эпопеясының 18 тілге аударылған сандық нұсқасы таныстырылды

LIFE09

Биыл қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Мерейтой қарсаңында Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында «Асыл сөз іздесең, Абай оқы, ерінбе» атты инсталляциялық көрменің тұсаукесері өтті. Бұл туралы LIFE09 ақпарат агенттігі хабарлайды.

1955 жылдан бастап Абай Құнанбайұлының есімі берілген Қарағанды облыстық балалар кітапханасы ұлы ақынның есімін естен шығарған емес.  Мерейтой аясында тұсауы кесілген көрмеден Абай Құнанбайұлы шығармалары жарияланған басылымдарды, абайтанушылардың еңбектерін,  интерактивті кітаптарды, әлем тілдеріндегі Абай кітаптарының жинақтарын тамашалауға болады. Сондай-ақ, «Қазақтың 1000 дәстүрлі күйі» жинағынан Абай күйлерінің аудиожазбаларын да осы жерден тыңдай аласыз.

1

Шара барысында Абай шығармашылығымен байланысты сирек басылымдар туралы айтылды. Көрмеге кітаптардан бөлек, Абай тұлғасы бейнеленген бірегей өнер туындылары қойылды. Оның ішінде ХХ ғасырда салынған  «Абай портреті», мүсінші Хакімжан Наурызбайұлының «Абай» мүсіні және ақын бейнеленген тоқымалы кілемше сияқты туындыларды айрықша атап өтеуге болады.

«Бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрме Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Ақынның мерейтойы Республика көлемінде аталып өтіп жатыр. Біздің кітапхана Абай есімін иеленгендіктен, біздің жас ұрпаққа Абайдың өмірі мен шығармаларын насихаттау  басты міндетіміз», дейді иновациялық-әдістемелік бөлімінің кітапханашысы Ұлжан Жамауова.

Көрменің тағы бір ерекше жаңалығы - Абай әдеби-мемориалдық музей қорындағы М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 18 әлем тіліндегі сандық нұсқасы көпшілікке таныстырылды. Сондай-ақ балаларға арналған «Абайтану әліппесі» интерактивті кітабының және басқа да нұсқадағы кітаптарды осы көрмеден тамашалай аласыздар.

Алдағы уақытта хакім Абайдың мерейтойына орай кітапхана жыл бойы танымдық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр