BANNER

«Шет Энерго» желілерінде жыл басынан бері 81 апат орын алған

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысының әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте шіріген электр тарату тіректері, бұралған сымдар және жерге дейін салбыраған жабдықтар, Шет ауданының электр желілерінің шынайы көрінісі көрсетілді.

Ұзақ жылдар бойы 27 ауылға қызмет көрсететін «Шет Энерго» компаниясы жаңғыртуға қаржы салмаған. Желілердің тозуы 90%-ды құрайды. Жыл сайын апаттар саны артып келеді. Тұрғындар үнемі жарықтың үзілуінен зардап шегуге мәжбүр. Ауданда жергілікті масштабта ТЖ режимі енгізілді. Қазір аккредиттелген ұйымдар желілерді тексеруге кірісті.

– Проблеманың ауқымын түсіну үшін 2023 жылы 94, 2024 жылы 300-ге жуық авария тіркелгенін, осы жылдың басынан бері 81 авария болғанын атап өткен жөн, – деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров. – Тұрғындар үнемі жарықтың үзілуіне шағымданады. Бизнес зардап шегуде. Әлеуметтік нысандар тұрақты энергиясыз қалып отыр.

Аудан әкімі желілердің жағдайын көрсететін фотосуреттерді ортаға салды.

2023–2024 жылдардағы аумақтық энергетикалық қадағалау департаменті «Шет Энерго» компаниясын сегіз рет тексеріп, бұзушылықтар үшін басшылыққа айыппұл салған. Бірақ бұл көмектеспеді, оң өзгерістер болмаған.

Аумақтық энергия қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Айрат Қарамурзиннің хабарлауынша, кәсіпорын энергия беруші ұйымдардың талаптарына сәйкес келмейді. Жыл сайын әзірлік паспортын алу қажеттігі туралы талап еленбеген. Директор мен бас инженер ережелерді бұза отырып, білімдерін біліктілік тексеруден өткізуді қажет деп санамаған. Ең бастысы – күрделі жөндеу бойынша жоспар жоқ.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аудан электр желілерінің техникалық жағдайын бақылауды жалғастыруды тапсырды.

– Барлық іс-әрекеттер заңнамаға сәйкес болуы тиіс, ең бастысы – тұрғындардың мүдделерін қорғау. Адамдар зардап шекпеуі тиіс! – деп атап өтті өңір басшысы.