Алғыс айту күні, 1 наурызда өз еңбегімен, күш-жігерімен және бастамаларымен ел халқының бірлігін, тұтастығы мен этносаралық келісімін нығайтуға үлес қосатындарға алғыс айтылады. Қарағанды қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Адамгершілік – асыл қасиет» атты облыстық форум өтті.
Кездесудің маңызды оқиғасы «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақтасының ашылуы болды.
Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы – Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысының Алғыс айту күнімен құттықтауын оқып берді. Сондай-ақ, қатысушыларды өз атынан құттықтады.
– Біз алғашқылардың бірі болып Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеуге бастадық. Ассамблея құрылған жылдарында біздің қоғамымыздың маңызды буынына айналды. Бұл өзара құрметке, ынтымақтастыққа және қолдауға толы жол болды, – деді облыс әкімі, 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын өңірдің көпұлттылығын атап өтіп. – Залдағы барлық қатысушыларға бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы күш-жігері үшін алғыс айтамын.
Ермағанбет Бөлекпаев Ассамблея ардагерлері мен белсенділеріне алғыс хаттарды табыс етті.
Марапатталғандардың арасында «Намус» Әзербайжан ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Гюлага Векил-оглы Рзаев та бар. Ол әзірбайжан халқы тарихының қайғылы кезеңі – 1928 жылғы депортация туралы еске салып, қазақ халқына алғыс білдірді.
– Қанша жыл өтсе де, әзербайжан халқы осыны есте сақтайтын болады, – деп атап өтті Гюлага Векил-оглы. – Біз ұлт пен дініге қарамастан тату-тәтті өмір сүреміз. Бұл біздің ең басты құндылығымыз және Қазақстан үшін үлкен бақыт.
Форум аясында Қарағанды облысы кәрістерінің этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лилия Ким «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық акциясын бастады. Оған өңірдің этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қосылды. Акция аясында Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті Мұхаметәлі Исайынға көмек көрсетілді.
– Ассамблеяға мүше болу әркімге бірдей беріле бермейді. Біздің өзіміздің ерекше рухымыз бар, – деп атап өтті Лилия Ким. – Біз бірге болғанда көп нәрсеге қабілетті боламыз. Мұны бірнеше рет дәлелдедік. Сондықтан мен әрдайым жақсылық істеуден шаршамаңдар, – деймін. Әсіресе жас ұрпаққа айтамын.
Балқаш аналар кеңесінің төрайымы Альмира Мусина акцияға толық қолдау білдіріп, форумнан кейін кеңес өкілдері 1 наурызда туған балаларды құттықтау үшін қаланың перзентханаларына баратынын хабарлады.
Форумда түрлі кәсіптер мен қызмет салалары өкілдерінің атына көптеген жылы сөздер айтылып, қазақ халқына тарихтың күрделі кезеңдерінде қонақжайлылығы мен қолдауы үшін ерекше алғыстар айтылды.
«Өмір тынысы» трансплантацияланған науқастар бірлестігінің төрағасы Жәнібек Успанов өмірді құтқаруға баға жетпес үлес қосқан донорларға алғысын білдірді. Нұра ауданы автопаркінің қызметкері Асылбек Рахымбеков өз тәлімгерлеріне алғысын білдірді.
Облыстың этномәдени бірлестіктері Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлікпен гүлденген Сарыарқа» көрмесін дайындады.
Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, ол Қарағанды өңірінің барлық қалалары мен аудандарын аралайды.
Форум соңында қатысушылар Тәуелсіздік стеласына гүл шоқтарын қойды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу жалғасуда: Қарағанды облысында Алғыс айту күніне арналған 100-ден астам іс-шара жоспарланған.