Қарағанды облысында бірінші сыныпқа қабылдау үшін өтініштерді қабылдау 1 сәуірде басталып, 31 тамызға дейін жалғасады.
Мектептер бірінші сыныпқа алты жастағы балалар мен 2025 жылдың соңына дейін алты жасқа толатын балаларды қабылдайды. Мектептерге қызмет көрсету аумағы бекітілген. Қабылдау кезінде дайындық деңгейіне қарамастан қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балалардың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
Құжаттарды egov.kz электрондық үкімет порталы, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, сондай-ақ қағаз түрінде беруге болады.
Қазақстан азаматтары үшін қажетті құжаттар:
1) ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдерінің өтініші;
2) № 065-е нысанды медициналық анықтама (Профилактикалық егу картасы) және № 052-2/е баланың денсаулық паспорты;
3) көлемі 3х4 см фотосурет (2 дана)
Шетелдік азаматтар үшін:
- баланың ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері біздің елімізде уақытша немесе тұрақты тұруы тиіс. Шетелдік азаматтар мектепке тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы белгімен бірге Қазақстанда тұрақты тұруға құқығы туралы құжатты ұсынуы тиіс.
Өтінімдер демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.
Қарағандыдағы жалпы білім беретін мектептерге қабылдау мәселелері бойынша 50-78-81 телефоны арқылы хабарласуға болады.