BANNER

Серік Жұманғарин Magnum-ге жарияланған қоғамдық бойкот туралы: Бұл - бізге үлкен сабақ

Сурет: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Magnum сауда желісіне жарияланған қоғамдық бойкот туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

— Әлеуметтік желіде клиенттен қазақша сөйлеуді өтінген тапсырыс жеткізушінің жұмыстан қуылуына байланысты Magnum сауда желісіне жарияланған бойкот қатты талқыланып жатыр. Аталған жағдай бойынша сіздің ұстанымыңыз қандай, — деп сұрады журналист.

Вице-премьер бұл қазақстандықтарға әлеуметтік желіде әр сөзге абай болу керектігін көрсетті деп есептейді.

— Бұл - бар болғаны жеке адамдардың арасындағы тұрмыстық дау. Бірақ бізге үлкен сабақ болды. Ондай тіл мәселелерін, ұлттық мәселелерді талқылағанда, әлеуметтік желіде жазғанда абайлау керек. Қарапайым ғана 20 млн халқымыз бар. Тату болуымыз керек. Қазақтар айтады ғой «ауылы аралас, қойы қоралас болу» керек. Бізге не керек? Қарапайым, қарадомалақ қазақтардың басы аман болсын болашақта. Одан басқа ештеңе керек емес. Менің ойымша, ол - шешілетін мәселе, — деген Серік Жұманғарин клиенттен қазақша сөйлеуді талап еткені үшін жұмыстан қуылған жігіт қазір басқа жұмыс тапқанын мәлім етті.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болуы мүмкін екені белгілі болды.